Пресс-Центр "Капшагай" → Қапшағайдың орталық саябағы соңғы 2-жылда күрделі жөндеу жұмысынан өткізілген.
СНКР - Kapinfo.kz / Міне, бүгінде бақ қайта жаңғыру үстінде. Мысалы, бұл жерде халықтың жүріп, серуен құратын жолы жаңа төсеніштермен көмкеріліп, алуан түрлі фигуралармен әспеттеліп жасалып-ақ жатыр. Ал, мына заманауи сипатқа ие көркем шамдар, саябақ ішін ажарлындыра түскендей.
Осы жарықтарға қарап, ертегі әлеміндегі бай-шегірлердің үйінде ғана ілініп тұратын шамдарды еріксіз еске түсіретіндей. Оның маңайындағы оюланған орындықтар тіптен бақты сұлуландырып жібергендей.
Бұл шеберлер қолынан шыққан,таза ағаштан ойып жасалған әдемі композицияларға көңіл аудармай қою мүмкін де емес. Сонымен қатар, саябақтың екі жанындағы шаңы шығып жатқан аллеяға тасжол салынып, көңіл көншітерлік жағдайға жеткен. Осының бәрі-бәрі күндіздің өзінде адамға ерекше көңіл күй сыйлап, амалсыз ойға шомылдыратыны да рас.
Айта кету керек, бұның барлығы отызға жуық адамнан құралған саябақтағы жұмысшылардың күні-түні дамылсыз атқарып отырған еңбегінің жемісі. Бүгінде оннан астам бірлік техника тағы жұмылдырылған. Сондай-ақ, баққа 138 қылқан жапырақты ағаш егіліп, бапталып жатыр.
Одан бөлек, саябақ айналасына өзгеше жарасымдық беріп тұрған түрлі-түсті, көз жауын аларлық гүлдердің көрінісі. Әрине, мұндай әсемдікті көрмеу аса әбестік болар.
Осындай жанға жайлылық сыйлайтын, әсте бір ғажайыптар әлеміне жетелейтін орындардың қалада көбейгенін жергілікті халықта жоққа шығармас. Жалпы, Қапшағай қаласы барған сайын ажарланып, келбеттеніп келетіні анық!
Комментарии