СНКР - Kapinfo.kz | Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланда еліміздің ертеңі – өскелең ұрпақ, жас жеткіншектерді қазақстандық патриоттық рухта тәрбиесіне жіті көңіл бөлінеді. Күш-қуат құрылымының әскери бөлімдерінде Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің балаларына әскери-патриоттық тәрбие беру және орта білім беру мектептерінде осы бағытта тәрбие жұмыстарын жүргізу ісі жүйелі қолға алынған.
Олардың бірі әскери-патриоттық «Жас Бүркіт» клубтары. Қазіргі таңда еліміз бойынша аталған клубтар жүздеген орта білім беру ошақтарында бар. Клуб жүмысының басты мақсаты оқушыларды адами құндылықтарды бойларына сіңіруге, отансүйгіштікке тәрбиелеу, ел қорғау қызметінің зор жауапкершілігін, ата-бабалардың ерлік жолын ұғындыру, жас өспірімдердің бойында жақсы моральдық-психологиялық және дене шынықтыру қабілеттерін шыңдау болып табылады. Аталған клубтар кез келген мектепте 6-11 сынып оқушылары арасында жасақталады.
Қараша айының басында, мектеп оқушыларының күзгі оқу демалысы мерзімінде Алматы облысы Заречный кентінде орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің жауынгерлік және әдістемелік дайындық Орталығында әскери-патриоттық «Жас Бүркіт» клубтарының арасында республикалық жарыс өтті. Ауқымды шара Астана, Алматы, Шымкент, Талдықорған, Қапшағай, Степногорск және еліміздің басқа да қалаларынан келген әскери-патриоттық клубтардың командалары қатысты. Шараға барлығы елуге тарта жасөспірім мен олардың оннан аса тәрбиешілері жиналды.
Төрт күнге созылған спорттық шара өте қызықты өтті. Атап айтқанда, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленуші мүшелері әр түрлі спорттық шаралардан сайысқа түсіп, күзгі демалыстарын барынша қызықты өткізді.Жарыстардың дерлігі әскери саланы танып-білуге қатысты болды. Мәселен, оқушылар Калашников автоматы мен Макаров тапаншасын бұзып, оны қайта жинап, құрастырудан, граната лақтырудан, саптық дайындықтан сынға түсті. Әскери эстафета алаңында қаптаған кедергілерден өтіп, сайысты. Окоп қазып, химиялық-бактериологиялық зардаптардан әскери қорғану жабдықтарын киіп үйренді. Қысылтаяң сәтте жараланған адамға алғашқы медициналық көмек көрсету әдіс-тәсілдерін пысықтады. Сондай-ақ, жаттығу орталығындағы мультимедиалық тирде әр түрлі қару түрлерінен нысананы дәлдеп атудан бақ сынасты. Пневматикалық винтовкадан мергендіктерін сынасты. Қорыта айтқанда, жас болса да, бас бола білген оқушы жастар жарыстарға зор ынталарымен қатысты.
Шымкент қаласындағы «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубтарының жетекшісі, Ұлттық ұланның құрметті қызметкерлерінің бірі, запастағы подполковник Арман Ахашев бізбен ойын былай деп бөлісті: «Бұл «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубтары 2003 жылы құрылған болатын. Оған ұйытқы болып, осы идеяны алғаш өмірге әкелген сол тұстағы Шымкенттегі бригаданың командирі болған, бүгінде Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Фатихұлы Жақсылықов болатын. Сол басшымыздың нұсқауымен біз құрып, ол іс бүкіл Шымкент қаласында кең етек жайды. Қазіргі таңда Шым қаладағы ондаған мектептерде осы әскери-патриоттық клубымыз толыққанды жұмыс істеп тұр. Бұл клубтардың артықшылығы не деп сауал қоятын шығарсыз, мен айтар едім бұл клубтардың жастарды тәрбиелеуде қосар үлестері шексіз. Клубқа 6-шы сыныптан бастап, 11-ші сыныпқа дейінгі кез келген бала, ол қыз бала болсын да оған қатысы жоқ, бәрі мүше бола алады. Бұл клубтарда әуелі әскери саланың қыр-сырын танып білуге терең мән беріледі. Жүйелі түрде клуб мүшелерін әскери бөлімдерге әкеп, мұндағы жауынгерлік қызметпен, әскери техника, қару-жарақ түрлерімен таныстырып тұрамыз. Әрине, отансүйгіштік тәрбиеге зор көңіл
бөлеміз. Халқымыздың батыр ұлдары, елдік үшін болған ұлы шайқастар жайлы тағылымды әңгімелер айтамыз. Осының барлығы әрине жас санаға әсер етпей қоймайды, әсер етеді. Балалардың бос ойын қумай, бос селтеңдеп жүрмей, жақсы азамат болып қалыптасуына зор үлесті осындай елдікке, ерлікке шыңдар париоттық клубтар атқарып отыр. Тіпті, өзімнің тәжірибемде байқағаным, сол жылдардан бері талай бала алдымнан өтіп, келешек өмірге қанат қақты. Солардың көбі өз өмірлік таңдаулары ретінде - офицерлік жолды таңдады. Көбі әскери оқу ордаларына түсіп, тәмамдады. Қазір көпшілігі, Отанға адал қызмет атқарып жүр. Полковник шеніне жеткендер де бар. Мінеки, патриоттық клубтардың жас өскін тәрбиесіндегі орны деген осы. Мұндай клубтар еліміздің әр мектебінде болса деп армандаймын», дейді.
Жүздері жайнаған оқушы жастармен де тілдесіп, сөзге тарттық. Олардың бірі Сұлтан Камилов. «Мен Алматы облысы Жамбыл ауданының Жамбыл ауылынан келдім. Біздің мектепте 4 жылдан бері «Жас бүркіт» клубы жұмыс істейді. Сабақтан тыс уақыттары клубқа мүше оқушылар осы үйірмеден табыламыз.
Өте қызықты. Көп нәрсені үйрендік. Әскери техника, қару-жарақ, тағы басқа да әскер саласына қатысты мәліметтерді танып білдік. Кейін өзім де оқуымды Петропавлдағы Ұлттық ұланның Әскери институтында жалғастырсам деймін», дейді.
Жарыстың қорытындысы бойынша Алматы қаласындағы 5572 әскери бөлімінің қабырғасындағы «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының командасы бірінші орыннан көрінсе, екінші тұғырдан Алматы облысы Жамбыл ауданының командасы, үшінші орыннан Қапшағайлық «жас бүркітшілер» көрінді. Барша қатысушы оқушыларға Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы атынан Алғыс хаттар мен марапаттар табысталып, оқуда озат болулары тіленді.
Сөз соңында айтып өтерлігі, келесі 2018 жылы «Жас бүркіт» еліміздің аумағында әскери-патриоттық клубтарының құрылғанына 15 жыл толмақ. Осыған орай аталған орталықта 15 жылдыққа арналған ауқымды шара өткізу де жоспарда бар.
Комментарии