«АДАЛ ҰРПАҚ» ЕРІКТІ МЕКТЕП КЛУБТАРЫНЫҢ ОБЛЫСТЫҚ БІРІНШІ СЛЕТІ
2017 жылғы 13 қазанда Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясын, рухани құндылықтар мен ізгілік, адамгершілік қасиеттерді ту еткен, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда балғын көзқарастары айқындала бастаған жалынды жастардың басын қосқан «Адал Ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының облыстық бірінші слеті өтті.
Слетке қатысу үшін Жетісу жерінің барлық аймағынан келген 200-ге жуық мектеп оқушылары ең алдымен Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың ескерткіші жанына жиналып, Елбасына арналған, туған ел мен жерге арналған патриоттық өлеңдер оқып, ойларымен бөлісті.
Келесі кезекте слетке қатысушылар Алматы облысы әкімдігінің ғимаратына бас сұқты. Облыс әкімдігі қызметкерлерінің жұмысымен танысып, естелікке суретке түсті. Білімдерін шыңдап, ел келешегі үшін білікті маман болуға сөз бергендей тарасты.
Оқушылар одан әрі облыс орталығының сәулеті ерекше ғимаратының бірі болатын Жаңа көрме орталығының алдында флэш-моб өткізді.
Түскі үзілістен кейін, қатысушы жастар І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайына жиналды.
Слетке қатысушыларға «Балдаурен» республикалық сауықтыру орталығының ұйымдастырушы ұстаздары бұқаралық шараларды ұйымдастырып өткізу, аудиториямен жұмыс, көпшілік алдында сөз сөйлеу сияқты қабілеттерден шеберлік сағаттарын өткізді.
Слеттің ашылу салтанатында сөз алған Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев «Адал Ұрпақ» арқылы рухани адамгершілік және азаматтық - патриоттық тәрбиелеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті көрсететін құндылықтар жүйесін сақтау және нығайту, оқушылардың заң талаптарын сақтауға ынтасын қалыптастыруға бағытталған үрдіс. Бүгінгі жиналған жастар ертеңгі ел тізгінін ұстайтын, Қазақ елінің өркендеп, дамуына үлесін қосатын тұлғалар», - деп атап өтті.
Слет қорытындысы бойынша түрлі номинациялармен марапаттау рәсімі өтті.
Аталған іс-шараның маңыздылығын ескере отырып, барлық мемлекеттік мекемелері ат салысып, облыстық деңгейде болашақ жас ұрпақты тәрбиелеуге, оларды ынталандыруға ат салысты.
Айта кеткен жөн, қазіргі таңда облыс бойынша құрылған «Адал Ұрпақ» клубының саны 743-ке жетіп, оған163 058 оқушы мүше боп еніп отыр. Барлық мектептерде «Парасатты азамат» бұрышы құрылған.
«АДАЛ ҰРПАҚ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ» БОЛАТЫНЫНА КӘМІЛ СЕНЕМІЗ!
Комментарии