МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕ
СНКР - Kapinfo.kz | Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметістері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен 22 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күніне орай І.Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» атты облыстық байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты – мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру және мемлекеттік органдардағы мемлекеттік тіл саясатын жүргізудегі өзіндік үлесін айқындау.
Байқауға, аудан, қала әкімдіктерінде қызмет істейтін мемлекеттік қызметшілерден құралған 15 топ қатысты.
Байқауға қатысушылар төрт тапсырма бойынша сынға түсті. Алғашқы кезеңде сайыскерлер өздерін өлең-жырмен, қара сөзбен жан-жақты таныстырды. Екінші кезеңде әр команда лэд-экраннан көрсетілген жер-сулардың атауларын анықтап, қысқаша тарихынан сыр шертті. Үшінші айналымда топ мүшелері мемлекеттік тіл туралы басталған қанатты сөздерді жалғастырып, тілдерді дамыту саласын реттейтін нормативтік құқықтық актілер туралы сұрақтарға жауап берді. Соңғы айналымда «Мәңгілік ел – мәртебелі тіл» тақырыбында музыкалық және театрландырылған қойылымдар көрсетті.
Байқаудың сарапшылары үміткерлер өнерін бағалау кезінде тіл шеберлігіне, сөз өнеріне, киім кию үлгісіне, сахнада өзін-өзі ұстауы сынды басты белгілерге баса назар аударды. Қазылар алқасының шешімімен байқудың бас жүлдесі барлық сыннан сүрінбей өткен Талдықорған қаласы әкімдігінің «ЭКСПО» командасына берілді. Бірінші орын ақындар мен батырлар елінен келген «|Жамбыл жұлдыздары» тобына табыс етілді. Екінші орын екі топқа бұйырды. Атап айтсақ, «Алакөл қырандары» (Алакөл ауданы) тобымен Панфилов ауданынан қатысқан «Алдаспан» тобы. Жүлделі үшінші орын үш ауданға бұйырды. «Алатау» тобы (Талғар ауданы), Қаратал ауданынан «Жалын» тобы және «Талшын» тобы (Сарқан ауданы). Сонымен қатар байқаудың арнайы номинациясы Еңбекшіқазақ ауданының намысын қорғаған «Руханият» тобына табысталса, ынталандыру сыйлығын «Тілдарын» (Көксу ауданы) тобы иленді. Барлық жеңімпазға ақшалай сыйлық пен арнайы диплом табыс етілді.
Байқауда жеңімпаз атанған«ЭКСПО» тобы алдағы уақытта өтетін республикалық сайыста Алматы облысының намысын қорғайтын болады.
Комментарии